Книга! Закажите книгу "Salem, родители" +77025278382

Әртүрлі отбасылық модельді қабылдаған жөн

Соңғы кезде елімізде отбасылық құндылықтардың бағасы төмендеп кетті деген пікірлер қалыптасып жүр. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Тіпті әлемнің кез-келген түкпірінде отбасылық құндылықтар, соның ішінде бала асырау және оның тәрбиесіне қатысты құндылықтар бірдей деп санаймын. Бала, қай планетада дүниеге келгеніне қарамастан, өзін жақсы көретін, жылы жүзбен қамқорлық жасайтын, сенімділік пен құрмет ұялататын және оған дербес тұлға ретінде қарайтын отбасында бақытты болып өседі. Қосымша факторлар: экономикалық айырмашылықтар, мәдени ерекшеліктер, менталитет және тағы басқаларының әсері сондай күшті емес.

Бірақ қоғамымызда болып жатқан өзгерістер көп. Бүгін Қазақстанда көріп жатқанымыз:

Отбасылық модельде өзгерістер

Нуклеарлық отбасы (яғни отбасыда бала/лар және олардың биологиялық әке-шешесімен тұрып жатқан) Қазақстандағы ең көп таралған жанұя түрі болып табылса да, басқа отбасы түрлері де көбейіп келеді. Мысалы, бүгінде елдегі әрбір бесінші отбасы моно-ата-ана болып табылады, яғни мұндай отбасында бала тек шешесі немесе әкесімен тұрады. Қазақстанда жарты миллионнан астам аналар бүгін балаларын өз күшімен жеткізіп отыр. Сондай-ақ, Қазақстанның әрбір бесінші отбасында үлкен туыстары: әжелері, аталары және т. б. тұрады. Сонымен қоса бала сүйе алмай отырған жанұялардың саны да аз емес, көптеген ерлі-зайыптылар заңды некеге отырмай да, бірге тұра береді. Еңбек нарығында өзгерістер отбасылық қатынастарға да әсерін тигізді. Ерлі — зайыптылардың бірі отбасынан қашықтықта — басқа қалада, аймақта, тіпті басқа елде жұмыс істегені сирек кездесетін жағдай емес.

Ретрадиционализация

Ұлттық салт-дәстүрлерге бет бұрып, әдет-ғұрыптарға оралу. Алайда, дәстүрлердің ішінде заманауи өмірге сәйкес келмейтін әдеттер де көп, оны есте ұстаған жөн. Ұлттық отбасы институты соңғы 100 жыл ішінде үлкен өзгерістер көрді. Қазақстанда көптеген ғасырлар бойы отбасы – ауыл, ел, ру ұясы ретінде саналған болатын. Дәстүрлі көзқарас бойынша, үйдің үлкені – қария болып табылады. Ал жаңа отау құру – жұбайлардың теңдес одағы емес, қалындықтың жігіттің үйіне келін болып түсуі ретінде қабылданатын. Алайда, бұрында қыздар орташа 13-14 жас, ал ұлдар 15-16 жасында отбасы құрғанын ұмытпаңыз. Сонда үйдің үлкендері, яғни сол кездегі аталар мен әжелер отыздан асып келе жатқан адамдар ғой. Ал енді бүгінгі күннің жас жұбайларына қарайық – жасы 30 арасында, мінезі, көзқарасы, өмір құндылықтары қалыптасқан; білім алып, қызмет атқарып, өз нанын дербес тауып отырған адамдар.

Отбасылық иерархия мәселесі

2019 жылы «Қазақстандық отбасылар» ұлттық баяндамасында респонденттердің көпшілігі (60% — дан астамы) елдегі ажырасудың басты себебі ретінде «туыстардың араласқанын» атады. Бұның астарында қандай мән бар? Ең алдымен, әрине жұбайлардың отбасын тәуелсіз меңгеруге қанағаттандырылмағанын көрсетеді. Егер де біздер ажырасудың азайғанын қаласақ, мұны ескеру қажет.

Міндетті ата-ана болу мәселесі

Міндетті ата-ана деп кімді атаймыз? Бұл баланың алғашқы күндерінен бастап оның күтіміне толық қатысуы. Шешесінің де, әкесінің де баланы серуенге шығарып, суға шомылдырып, жаялығын ауыстырып, жұбатып жүргені. Ал жасы өскен соң ойын алаңына шығарып, үйірмелерге апару, сабағымен айналысу, ұйықтар алдында кітап оқу және т. б. Аталмыш «Қазақстандық отбасылар-2019» баяндамадан белгілі болғандай, әкелердің тек 42% —ы ғана күн сайын балалардың күтімі мен қамқорлығына атсалысады екен, 33% — дан астамы оны кейде ғана немесе демалыс күндері, 7% — аптасына екі рет, 9% — сирек және тек әйелінің өтініші бойынша, 8% — ешқашан жасамайды. Ал сұралған аналардың 68% — ы күйеуінің немесе серіктесінің балаға күтім жасау және тәрбиелеу процесіне көбірек қатысқанын қалайды. Демек баланың туған әкесі отбасымен бірге тұрса да, әке міндеттерін әрқашан атқара бермейді. Сондай-ақ, баласына және күйеуіне нан табушы да, үй күтуші де болып жүрген әйелдер де аз емес елімізде. Жұмыс іздеп еріксіз басқа қалаға кетіп, баланы ата-әжесінің қолына қалдырған оқиғалар болады. Ондай кезде балаға ата-ананың жетіспеушілігі болатыны анық.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу

Тұрмыстық зорлық-зомбылық Қазақстанға жаңадан пайда болған құбылыс емес. Ол бұрын да болған, көбінесе жасырын түрде. Сонымен қатар, зорлық-зомбылықтың көптеген түрлері, соның ішінде балаларға қол көтеріп жазалау ұзақ уақыт бойы қоғамдық норма болып саналды. Өкінішті, қазір біз кейбір азаматтардың агрессивті түрде шапалақты ақтап жатқанын көріп отырмыз. Қазақстанда әлі күнге дейін балаларға физикалық жазаландыруды және эмоциялық-психологиялық зорлық-зомбылық көрсетуді қалыпты жағдай ретінде көретін отбасылар аз емес. Бірақ зорлық-зомбылық қалыпты жағдай емес! Отбасы деген адамға махаббат, сүйіспеншілік, қамқорлық пен қауіпсіздіктің тірегі болуы керек. «Өмір қиындықтарына берік мінез» даярлайтын әскер емес.

Бұл жөнінде не істеуге болады?

Өкінішке орай, біздің қоғамда отбасылық тақырыптағы пікірталас көбінесе мемлекет тарапынан қаржылық қолдау туралы риторикаға айналады . Әрине, балаға арналған жәрдемақы мен қол жетімді ипотека кез-келген отбасы үшін үлкен көмек болып табылады. Бірақ … проблемалық мәселелерді бір ақшамен шешу мүмкін емес. Мен, бірінші кезекте, өзімізге, қазақстандықтарға, өзгеретін кез келді дегенге нық сенімдімін. Біздің қоғамға өте қажет болып тұрғаны:

  • Әртүрлі отбасылық модельді қабылдау мен оларға жылы көзқарас. Отбасының «жақсы-жаманын» тек оның құрамы бойынша бағалауды тоқтататын кез келді. Сүйіспеншілік, сыйластық, қамқорлық пен жылылық – шынайы жанұяның ерекшелігі осы.
  • Ерлі-зайыптылардың жеке шанырағын құрметтеп, шекараларын бұзбау. Жанұя құрып отырған жас жұбайлардың отбасылық капиталы әлі қалыптаспаған, яғни мықты, берік, тұрақты отбасы болуға алғашқы қадамдарын енді жасауда. Сондықтан, жақындары жас жұбайлардың автономиясына, қабылдаған дербес шешімдеріне құрмет таныта білу керек. Бұл «мен үлкен — сен кіші» деген амбициялар көрсететін жер емес. Жастардың отбасы қарым-қатынастарын бұзбаңыз!
  • Ата-ана болуды жоспарлау. Баланың әке-шешесі оның амандығы мен қаматамасыз етілуіне толық жауап береді. Бұл мемлекеттің әрі қоғамның бас міндеті емес. Бала туар алдында көптеген шарттарды ойластыру қажет. Оны қамтамасыз етуге қаражат жеткілікті ме? Ересек жасына дейін баланы жақсы жағдайда жеткізуге ата-ананың өз денсаулығын сақтауға күш қуатын нығайтуға мүмкіндіктер жеткілікті ме? Баланың дамуына тиісті көңіл бөлуге уақыт жеткілікті ме? Ұйқысыз түндерге, жылауына, еркелігіне тәртіпсіздігіне сабыр сақтап оған сүйіспеншілік пен жылылық беретін эмоционалдық капитал жеткілікті ме? Балаға жанашыр, қамқор және сүйетін ата-ана қажет.
  • Міндетті ата-ана болуды ынталандыру. Баланың алғашқы туған күндерінен бастап, әкесі де, шешесі де күтіміне бірдей қатысу керек. Қолдау әрекеттердің бірі — қоғамдық орындарда гендерге бейтарап бала бөлмелерін ашуға ықпал ету. Баланың жаялығын ауыстыруға, оны тамақтандыру үшін аналар да, әкелер де осындай бөлмелерге кіре алатындай жасау керек. Бизнес-орталықтарда, кеңсе ғимараттарда, жұмыс орындарда қызмет ететін аналарға сәбиді тамақтандыру, сүт емізіп және сүтті сақтауға арнаулы орындар ұйымдастырылғаны үлкен қолдау болушы еді. Ал әкелерге қысқа мерзімді декрет міндет ұсынылғаны қалай?
  • Отбасындағы зорлық-зомбылық пен физикалық жазаларға мүлдем жол бермеу! Шапалақ деген сөзді ұмыту керек. Жеңіл, кейде ғана, ақыл кірсін деп – аргумент емес, мұның бәрі зорлық-зомбылық.

Өзіңді өзгерту-ең қиын міндет. Дегенмен үкіметке, мектепке, басқа адамдарға жауапкершілікті қаншалықты жүктесек те, өзгеріс бізден басталады.