Книга! Закажите книгу "Salem, родители" +77025278382

Баланың сексуалдық қауіпсіздігі

Өткенде осы тақырып бойынша тікелей эфир өткіздім. Ал бұл мақалада негізгі ақпаратты баланың жасына сай топтастырып, ұсынып отырмын. Баланың қауіпсіздігі мен дамуы туралы толығырақ менің «Salem, родители» кітабымнан, немесе жеке кеңесіме жазылып білуге болады.

3 жастан бастап

  • 3 жастан бастап, баланың гендерлік идентификациясы қалыптасады. Ол қыздар мен ұлдар, анасы мен әкесінің айырмашылығын түсіне бастайды. Осы жастан бастап қыздарды және ұлдарды бөлек шомылдыру керек. Тек купальник, іш киім киіп бірге суға түсуге болады.
  • 3 жастан бастап, сөйлеу деңгейіне байланысты, балаларға іш киім ережесін үйрету керек. Ана/әке/әжесінен басқа (сенімді адамдарды өзіңіз анықтаңыз), іш киім жауып тұрған дене мүшелеріне ешкімнің қол тигізуге, ұстауға құқығы жоқ. Ерекше жағдайлар: бақшадағы тәрбиеші дәретханаға баруға көмектесетін кезде; дәрігер қараған кезде (бірақ ата-ана сол кезде қасында болады және т.б.).
  • Сол жастан бастап, балаларға сыртқы жыныс мүшелерінің атауларын үйрету қажет. Қыздың жыныстық мүшесі — вульва, ұлдың жыныстық мүшесі пенис деп аталады. Баланың өз денесі туралы біліктігі — жыныстық зорлық-зомбылықтың алдын алу фактордың бірі болып табылады.
  • Бар мәселелерді репродуктивті денсаулық тұрғысынан түсіндіру қажет. Жыныстық мүшелер — баланың болашақта салауатты ата-ана болу, және келешекте оның баласы сау болуы үшін өте маңызды органдар. Жыныстық мүшелер өте нәзік. Басқа адамдар оларға қол тигізбеуі керек. Микробтар мен вирустар жыныстық мүшелерге зиян тигізбеуі үшін жыныстық оларды тазалықта ұстау керек.


4 жастан бастап

  • Бұл жаста балада физиологиялық ұят дамиды. Сондықтан олар биологиялық қажеттіліктерді дербес шешуге тырысады, мысалы осы сәтте дәретханада басқа адамдар болса, олардан ұялып, жалғыз болғанын қалайды.
  • Сондай-ақ, балаларда моральдық көзқарас дами бастайды. Жақсылық пен жамандық деген не? Бұл балалардың алғашқы өтірік айту кезіне сәйкес келеді. Баланың алдайтын себебі 1) тыйым салынған әрекет үшін жауапкершіліктен/жазадан бас тарту. Оған ашуланбасын, деп қалайды. Жетекші эмоция — қорқыныш; 2) жаман саналатын істеген әрекетін жасырғысы келеді. Оған ренжімесін, деп қалайды. Жетекші эмоция — ұят.
  • Баланың даму ерекшелігін түсіне отырып, оның әрекеттеріне дұрыс реакция көрсету маңызды. Есіңізде болсын: балаға қол көтеріп, оны физикалық тұрғыдан жазалауға ешқашан болмайды. Алайда тәртіп пен «болады/болмайды» нормаларды орнату маңызды және қажет.

5 жастан бастап

  • Бұл жаста балалар «дәретхана» тақырыбын қозғауды қатты ұнатады. Күліп, мысқылдап, жиі қолданылатын сөздер — «попа», «кака», «пук-пук» және т. б.
  • Осы кезеңде балаға физиологияға, өз денесіне дұрыс көзқарастың үлгісін көрсету маңызды. Жауап беру мәнеріңіз дұрыс болуы керек. Ашулану — дұрыс емес. Баламен қоса күлу — дұрыс емес. Естімегендей болу — дұрыс емес. Сабырлық сақтап, жауабын беріңіз. Попа? Иә. Бұл да дене мүшесі ғой, қолын сияқты, аяғын сияқты. Барлығында «попа» бар. Сенде, менде, мысықта, құста және т. б.
  • Осы жаста баламен сенім шеңберін талқылау қажет: бар алаңдататын мәселелерді ашық бөлісе алатын 2-3 адам (кім екенін, өзіңіз анықтаңыз) тізімі.
  • Сонымен қатар, осы жаста балалар «Мен қалай дүниеге келдім? Балалар қалай туады?» сұрақтарды қоя бастайды.

БҰРЫС
Бұл сұрақтарды елемеудің қажеті жоқ.
Ақпаратты бұрмалаудың қажеті жоқ.
Ашуланудың және ұялудың қажеті жоқ.

ДҰРЫС
Сұрақтарға адал жауап беру керек.
Баланың жасына байланысты ақпарат беру керек.
Баламен сенімді қарым-қатынас орнатып, оны сақтау керек.

Үздік тактика: адамның физиологиясы және биология аясында ақпарат беру. Қарапайым және түсінікті мысалдарды келтіріңіз. Бала анасының құрсағында, аквариумда сияқты, дамиды. Туғанда бала, балапан сияқты, жұмыртқасын жарып шығады. Бірақ балапаннан айырмашылығы: ол туу каналы арқылы жүзіп шығады. Баланың жасы есейген сайын, нәрестенің дүниеге келуі үшін тек анасының жұмыртқасы ғана емес, әкесінің тұқымы да қажет екенін түсіндіріңіз.

Осындай сұрақтарға жауап беру кезінде сіз өзіңізді қалай ұстайсыз? Ұяласыз ба? Қысыласыз ба? Сіздің реакцияңызға байланысты, бала есейген сайын сізбен ыңғайсыз мәселелерді талқылап, соншалықты ашық және сенімді болады.

Бала есейген сайын және жаңа сұрақтар туындаған сайын, қосымша ақпарат беру қажет. Жасөспірім жасында балаңыз жыныстық қатынас әрқашан жоспарлы, саналы және қауіпсіз, өзара келісім бойынша болуы керек екенін білуі қажет.

6 жастан бастап

Бала мектепке барады, ал ата-ананың баланың ортасын бақылауға мүмкіндігі азаяды. Осы кезде қауіпсіз ережелерін талқылау маңызды. Талқылаудың негізгі тақырыптары: 1) бөтен адамдардан сияпат қабылдау, 2) есірткі, 3)ата-анасы қасында болмаған кезде қауіпсіз ережелер, 4) кибер-қауіпсіздік, 5) порно-контент, 6) зиянкестер. Қауіпсіздік ережелер туралы бейнені осында және осында көруге болады. Порно-контент және кибер-қауіпсіздік туралы мақаламды осында оқуға болады.

9 жастан бастап

Бала препубертат/жыныстық жетілуге дейінгі кезеңге кіреді. Егер сіз онымен физиология және өтпелі жас тақырыбында әлі сөйлеспеген болсаңыз, сөйлесетін уақыт келді. Баланың денесі, көңіл-күйі, гормондар фоны қалай өзгере бастағаны туралы сөйлесу керек. Арнайы кітаптар алып, фильмдерді бірге қарап, осы тақырыпты талқылауға болады.

Баланың өсуінің әр кезеңінде қарым-қатынас, ғашықтық, отбасы және ана бөлу/әке болу тақырыбын қозғау керек. Бала кез-келген қарым-қатынастың негізінде сыйластық, достық, қамқорлық, өзара келісім, қауіпсіздік және жауапкершілік керек екенін білуі керек.

Баланың сексуалдық қауіпсіздігі және қауіпсіздік ережелер туралы толығырақ талқылағыңыз келсе, жеке кеңесіме жазылыңыз.

Аман болыңыздар ❤️