Книга! Закажите книгу "Salem, родители"

Баланы қай жастан бастап үйде жалғыз қалдыруға болады?

Қарағанды облысындағы қайғылы оқиғаға байланысты мақала. 23 ақпанда Талды ауылында төрт бала өртте қаза тапты. Ең кішісі 1.5 жаста, ең үлкені 5 жаста болды. Полиция балалардың үйде жалғыз, ересектердің қамқорлығынсыз қалғанын хабарлады.

0-7 жас

7 жасқа дейін балаларды үйде жалғыз қалдыруға болмайды! Алайда, ескере кетейін: жол қозғалысы ережелерінде автомобильдің «Тоқтауы» және «Тұрағы» ұғымы бар сияқты, мұнда да әр түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Мысалы, егер бөпеңіз керуетте тыныш ұйықтап жатқанда, қоқысты шығаруға немесе жақындағы дәріханаға барып келуге болады.

Бала керуеті — бұл баланың алғашқы 12 айы барысында ең қауіпсіз орны деп саналады. Дегенмен аталмыш керует толығымен қоршалған, қауіпсіздік ережелеріне сәйкес қатты матрац, тегіс жаялық төселген болуы керек. Жастық, көрпе, жұмсақ ойыншықтар болмауы керек.

Бала осындай қауіпсіз орында болғанда, шұғыл мәселемен 5-10 минутқа шығуға болады.

8-10 жас — баланы күндіз 1,5 сағаттан аспайтын уақытқа жалғыз қалдыруға болады;

11-12 жас — 3 сағатқа дейін;

13-15 жас -күндіз, шектеусіз;

16 жастан бастап — ерекше жағдайларда түнгі уақытта қалдыруға болады.

Бұл нормалар «әр баланың жеке жетілу деңгейіне байланысты» деген ескертумен қолдануы керектігін атап өткім келеді.

Балаларды жалғыз қалдырып, сырттан құлыптамаңыз! Одан да қосымша іштен жауып-ашатын құлып орнатып, қауіпті жағдайда (өрт, газ т.б.) үйден шығуға мүмкіндік беріңіз.

Балаларға қауіпсіздік ережелерін үйретіңіз. Үлкендер жоқта, біреу есікке қоңырау шалса, не істеу керек? Өрт басталса, қандай әрекет жасау керек? Т.б.

Әлемнің көптеген елдерінде баланы үйде жалғыз қалдыруға болатын нақты жасты реттейтін заңнамалық нормалар жоқ. Мысалы, АҚШ, Австралия және Канадада бұл мәселені реттейтін бірнеше Штаттар мен провинциялар бар. Онда жас шегі 8-ден 16 жасқа дейін анықталады. Қазақстанда бұл мәселе балалар, қарттар және дәрменсіз күйдегі адамдарға қатысты қолданылатын «Қауіпті жағдайда қалдыру» Қылмыстық кодексінің 119-бабымен жанама түрде реттеледі.


Статистикаға сүйенсек, көптеген қайғылы оқиғалар үйде үлкендер болған кезде де орын алады. Балалар терезе-балконнан құлайды. Дәрі-дәрмектер қабылдап, уланады. Денесін күйдіріп алады.

Сондықтан ата-аналарға тұрғын үйдің қауіпсіз инфрақұрылымына жауапкершілікпен қарауды (соның ішінде пеш-жылу жабдықтарының жарамдылығын тексеруді) және қауіпсіздік техникасын сақтауға ұсынамын.

Аман болыңыздар ❤️

P. S. Бұрында осы тақырып бойынша газетте сұхбатым шыққан болатын.