Книга! Закажите книгу "Salem, родители" +77025278382

Әйелдің қырық жаны бар

Динара Құсаин – Балалар қауіпсіздігі және отбасын дамыту саласындағы сарапшы. Спикеріміз АҚШ-тың «PR және массалық коммуникация» және «Отбасын дамыту және балалық дамыту» мамандығы бойынша магистрлікті тәмамдаған. Жақында Динараның Қазақстандағы жалғызбасты аналар туралы «Честное материнское» атты кітабы жарық көрді. Автор онда жалғызбасты 30 әйелдің хикаясын өз аузынан жазып алып, кітап етіп шығарған. Azattyq Rýhy тілшісі сарапшымен елдегі жалғызбасты аналардың проблемалары, олардың ажырасуына себеп факторлар мен гендерлік теңсіздік мәселелері жөнінде әңгімелесті.

«ӘЙЕЛДІҢ ҚЫРЫҚ ЖАНЫ БАР»

— Айналамдағы таныс, дос-жаран мен туыстарымның арасында жалғызбасты аналар көп. Сол үшін осы кітап арқылы қоғамға, ерлерге аз да болса ой салып, бұл мәселенің өзектілігін көрсеткім келді. Кітапты бір жыл бойы жаздым. Онда жалғызбасты 30 әйелдің хикаясы жазылады. Алғашқыда кейіпкерлерімнің саны 50-ге жуық болған, біраз уақыттан кейін біраз келіншек өз оқиғасын айтудан бас тартса, тағы біреулеріне өткен өмірлерін еске алу қиынға тиіп жатты. Аяғында 30 кейіпкер қалды. Қазір кітап тек электронды форматта сатылады. Әзірге оны баспа түрінде басып шығаратын демеуші іздеу үстіндемін. Кітапты қазақ тілінде де шығару жоспарда бапр және оның қазақша атауын «Әйелдің қырық жаны бар» деп қойғым келеді. Одан бөлек, шетелдік агенттіктерді тауып қойдым. Жуырда кітапты ағылшын тіліне аударуды аяқтадым.  Мүмкін аталған кітап шетелде де жарық көреді. Әзірге «Честное материнское» кітабының электронды нұсқасын Ridero.ru қосымшасынан оқуға болады.

СТАТИСТИКА БОЙЫНША ЕРЛЕРДІҢ 25%-Ы ҒАНА АЛИМЕНТ ТӨЛЕЙДІ

— Қазақстанда гендерлік теңсіздік кездеседі, сол себепті әйелдер мәселесі өте өзекті. Әлемдік индексті қарасақ, Қазақстан гендерлік теңдік жағынан өте төмен көрсеткіште тұр. Әйелдерге деген тұрмыстық зорлық-зомбылық, олардың экономикалық жағдайының қандай екенін күн сайын көріп жүрміз. Өзіміздің дәстүрлі көзқараста әйелдің функциясы ана болу, отбасы, ошақ қасында жүрумен ғана өлшенеді. Жалғызбасты аналар туралы кітап жазбас бұрын, барлық статистикалық деректерді жинап, зерттеу жүргіздім. Қазақстанда халық өсімі өте жақсы, яғни, балалардың туу деңгейі жоғары. Сондай жақсы көрсеткішке қарамастан, елімізде әрбір бесінші отбасы толық емес. Моно ата-аналық отбасылардың үлесі — 20%. Біз жаһандық кезеңде өмір сүрсек те, қоғам әлі де қазақ әйелдеріне: «Карьера жасама, жұмыс істеме, бала тауып үйде отыр» дейді. Екінші жағынан, жалғызбасты аналарға балаларын асырап жеткізуі үшін ананың да, әкенің де рөлін атқаруға тура келеді. Көп жағдайда оларға ешқандай көмек жоқ. Бүгінгі күні ерлердің тек 25% ғана алиментті уақытында төлейді, қалған 75%-ы қарыз болып жүр. Бас прокуратураның ресми ақпараты бойынша, алимент қарызының көлемі миллиардтарды құрайды. Ерлер әйелімен ажырасқанда балаларымен де «ажырасқандай» болады. Материалдық қолдауды қойғанда, күнделікті рухани байланыстан да ажырап кетеді. Әдетте біз «қазақ балажан халық» деп мақтанамыз. Бірақ деректер мен мәліметтер олай емес екенін көрсетіп тұр.

ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ КӨЗҚАРАС АРАСЫНДАҒЫ ӘДІЛЕТСІЗДІКТЕР

— БАҚ-та болсын, былайғы күнде де осыған «кім кінәлі?» деген сұрақ жиі қойылады. Мен кінә деген сөзді ұнатпаймын, мәселе кімнің кінәлі екенінде емес, оның туындауына қандай факторлардың әсер ететінінде болып тұр. Кінәліні тапқанмен мәселе шешілмейді және осындай әлеуметтік проблемалардың туындауына бір ғана фактор әсер етпейді, оның бірнеше себебі бар. Бірінші себеп – біздегі кейбір қалыптасқан дәстүрлі көзқарастардың бүгінгі заманға қайшы келуі. Мәдениетіміз «әйел — үйдің, еркек — түздің адамы» деген дәстүрлі формалық отбасы моделін ұстанады. Бірақ экономикалық жағынан қарайтын болсақ, қазір әйелдер ерлермен теңдей жұмыс істейді. Қазақстан нарығында 18 миллион адамның 9 миллионға жуығы салық төлеушілер. Осы 9 миллионның тең жартысы — әйелдер. Бұрынғы дәстүрлі формаға ауысатын болсақ, онда салық төлеушілердің саны екі есеге кем болады. Біздің экономика бұл жерде дами ма? Әрине, жоқ. Қоғам әйелге өмірге ұрпақ әкеліп, оның тәрбиесімен айналысуды да, отбасының асыраушысы болуды да міндеттеп қойған. Бұл физикалық тұрғыдан мүмкін емес. Дәстүрлі форматты аңсаушыларға «әйелді үйге отырғызып, ерлер үшін салықты екі есе көбейтейік немесе әйелдер 8 сағат, ерлер 16 сағат жұмыс істесін, осылайша бәрі әділ болады» десек келісер ме екен?! Сол себепті, әйел тек үйде отыру керек деу бос сөз, оны ешқандай экономика да, мемлекет те қолдамайды. Ара-тұра ғана әлеуметтік жағдайы жақсы, әйел толықтай өзін үйі мен баласына арнай алатын отбасылар бар және ол әр отбасының өз таңдауы. Дәстүрлі модельді ұстан деп ешкімді күштей алмаймыз. Біздің қоғам ақыл үйретуші, ақыл үйреткенді жақсы көреді. Теледидарды қоссақ та, белгілі бір ортада отырсақ та, бәрі әйелге байланысты дегенді насихаттаймыз. Кәмелет жасына толған соң, әр адам өзі үшін ғана жауапты. Бір отбасының бақытты немесе бақытсыз болуы тікелей әйелге ғана емес, оның екінші серігіне де байланысты.

ҒАЛЫМДАР МЕН СПОРТШЫЛАР НЕМЕСЕ МАСКУЛИНДІК ҰСТАНЫМ

  • Жақында баспагер, бас редактор Бақытжан Бұқарбаймен сұхбат өткіздік, сонда өте бір қызық мысал келтірілді. Ол «Қазақстан әлі күнге дейін маскулиндік ұстанымды ұстанғысы келеді» дейді. Ол дегеніңіз бабаларымыз жауынгер болғандықтан, ұл балаларды тәрбиелеген кезде: жауынгер, батыр, ержүрек болу керек, ал қыз балалар сыпайы, инабатты, ибалы болу керек деген ұстанымда тәрбиелеп жатырмыз дегенді білдіреді. Қазақстан қазір ешкіммен соғысып жатқан жоқ, заманымызға орай бәсекелік соғыстың бәрі ғылым, білім, жаңа технологияда. Бақытжан тағы бір мысал келтірді, оны да айта кетейін. Егер, бір спортшы Олимпиада чемпионы атанып, жеңіске жетсе, оны әуежайдан күтіп алып, оған пәтер, көлік сыйға тартады. Ал, жас ғалым шетелден халықаралық ғылыми жобадан жүлделі орын алса, оны ешкім әуежайдан күтіп алып, атын шығармайды. Қазақстанда ғалым болу әлі әйгілі емес. Біз заманауи көзқараспен қалыптасқан форматта өмір сүре алмай жатырмыз.

ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АНАЛАРҒА ОРТАҚ ПРОБЛЕМАЛАР ҚАНДАЙ?

— Әр кейіпкердің өзіндік хикаясы бар және оларға ортақ проблема да жоқ емес. Ең біріншісі, әйелдердің өзіне деген уақыттың жетіспеушілігі. Күндіз жұмыста, кешке үйдің тірлігі, балалардың сабағы, киімі, тәрбиесі… Ұйқысын қандырудың өзі бір арман. Ал жалғызбасты аналарға бұл екі есе ауыр. Себебі балаға көп уақыт бөлу қажет. Мұндай аналарға сырқаттанып қалу, іссапармен басқа қалаға барудың өзі проблема. Екіншіден, өзінің жарын табу, қайта тұрмыс құру проблема. Еркектер олармен танысқан кезде ажырасқанын естісе немесе балалары бар екенін білген соң, басқаша көзқараста болады. Жігіттер баласы келіншектерді «жанында бұзауы бар» деп өте дөрекі түрде айтып жатады. Сонда олар баланы малға теңеп тұр. Сондай-ақ, келіншектер енелері де осындай ұстанымда екенін айтады. Бұл – Мизогиния, яғни әйелдердің әйелдерге дискриминация жасауы. «Менің балам неге өзге әйелдің басқадан тапқан баласын жеткізуі керек» деген ұстанымда. Үшіншіден, ұят мәселесіне байланысты жақындары тарапынан болатын дискриминация. Біз оны көп жағдайда дискриминация деп түсінбейміз, бірақ ол дискриминация.

PHOTOCREDIT Azattyq Rýhy

ТУЫСТАРЫ ТАРАПЫНАН БОЛАТЫН ДИСКРИМИНАЦИЯ

— Кейіпкерлерімнен нақты мысал келтіретін болсам, түркістандық, жасы 40-тан асқан жалғызбасты ананың айтуынша, тойға барған сайын туыстары балаларға арналған дастарханға отырғызып қояды екен. Тіпті, осы туралы әлеуметтік желіде жазба жариялағанымда, көп келіншек мұндай жағдайдың басында жиі кездесетінін айтты. Тараздық тағы бір әйел: «Мен балалар дастарханында отыруға үйреніп кеткенмін» дейді. Үшінші бір кейіпкерім қызметі бар, лауазымды әйел. Күйеуі жоқ, тұрмыста емес. Ол іссапармен ауылға барған кезде, әріптестері оның дәрежесі жоғары екенін көрсетуі үшін отбасы, бала-шағасы бар деп таныстырған. Ол кісі мұндай әрекет «олардың маған көрсеткен сый-құрметі екенін түсінуге тырыстым» дейді.

Кітаптағы келесі бір кейіпкерім ажырасқан соң, ата-анасының үйіне оралған. Ал сіңілісі күйеуімен қонаққа келген кезде оларды бір дастархан басына отырғызбай қойған, себебі, ол ажырасқан. Мұндай дискриминацияға толы оқиғалар өте көп. Осындай әрекеттің кесірінен жалғызбасты әйелдерде психологиялық жарақаттың түрі-түрі кездеседі. Бір атап өтетіні, жалғызбасты аналарға көп жағдайда өз ата-аналары көмек көрсетеді.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ 60%-Ы ТУЫСЫНЫҢ КЕСІРІНЕН АЖЫРАСАДЫ

— Былтыр қазақстандық отбасыларға қатысты ресми статистика ұсынылды. Сонда респондеттердің 60%-ы ажырасуына туыстарының араласуы себепші болғанын айтқан. Қарап отырсақ, некенің бұзылуына экономикалық жағдай, тұрмыстық зорлық, көзге шөп салу, махаббаттың жоқ болуы сынды факторлар ғана әсер етіп тұрған жоқ. Жаңағы 60% жұптың өміріне туыстары араласпағанда олардың некесін сақтап қалуға болатын еді. Бірақ біз сақтай алған жоқпыз.

ЖІГІТТЕРДІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ТУРАЛЫ

— Ерлердің жауапкершіліктен қашуына тәрбие әсер етіп отыр. Біздің дәстүрлі тәрбиеде гендерлік айырмашылықтар көп. Кейіпкерлерімнің көбі ата-анасының ағалары мен інілеріне деген махаббаты айырықша болғанын да жиі айтты, бұл да дискриминация. Ерлерге отбасының мұрагері деп қарайды, бір шетінен күлкілі. Себебі мұрагер дейтіндей көпшілігінің ата-анасы ұлдарына үлкен байлық қалдырып жатқан жоқ қой. Қала берді «ұрпағымның жалғасы» дейді, әйелдерде ұрпақ жалғаушы. Осыдан кейін ерлер өздерін жоғары санайды. Екіншіден, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ретронизация деген үдерістен өтіп жатыр. Яғни біз өзімізді іздеп, ұлттық дәстүрге қайта оралуға бет бұрып жатырмыз. Қай кезде де дәстүрді сақтаған жақсы, бірақ ол дәстүрлер заманға сай болмай жатқанда қайшылықтар болады.

ЕР АДАМДАРҒА ҚАТЫСТЫ ҚАНДАЙ ҚИЫНШЫЛЫҚТАР БАР?

— Патриархалдық қоғамда ер адамдарға қатысты да қиыншылықтар бар. Қыздарға «ана болу керексің, балаң болмаса ешкімге қажет емессің» дегенді жиі айтсақ, ерлерге: «отбасының асыраушысы сенсің, сен мықты, табысты болуың керек» дейміз. Бірақ кейбір отбасыларда әйел адамның табысы жоғары болып жатады, онда тұрған ештеңе жоқ. Ер адамдардың бәрі табысты, ақшалы бола бермейді. Психологиялық жағынан жігіттерге де қиын. Қазақстанда ерлердің көбі ажырасып кеткеннен кейін де, отбасында бірге тұрғандары да толық қамқорлық жасамайды. Көп жігіттер «бала тәрбиесі – әйелдің ісі» деп ойлайды. Баланың жаялығын ауыстыру, оны қарау әйелдің шаруасы дегенді сіңіріп алған. Жалпы біздің қоғамның өзі әкені балаларымен байланыстыруға үйренбеген. Қарапайым ғана мысал, үлкен ойын-сауық орталықтарында ана мен балаға арналған бөлмелер бар. Ал баласын серуендетіп жүрген әке оның жаялығын ауыстыру үшін аталған бөлмеге кіре алмайды. Бізде бұл проблема туралы ешкім ойланбайды да. Аталған проблемаларды шешу үшін инфрақұрылымдарды жақсарту керекпіз. Ана мен бала бөлмелері емес, ата-аналарға арналған бөлмелер қойылуы тиіс. Бір жағынан аналар балаларын емізсе, екінші тарапта әкелер отыра алуы тиіс. Декретке шығатын әкелерге қолдау жасап, оларды келеке етпей, менталитетті өзгертуге тырысуымыз керек. Шет мемлекеттердегідей, әкелерге де бір-екі апталық қосымша демалыс беріп, отбасына жаңа мүшенің қосылып жатқанын сезінуге мүмкіндік сыйлаған абзал.

Қазақстанда декреттік демалыс әйелдерге үш жылға беріледі. Бұл өте жақсы мүмкіндік, бірақ әйелдердің көбі үш жылға дейін үйде отырмайды. Қалада өмір сүретіндер ипотека, несиесін жабу үшін жұмысқа шығуға мәжбүр. Осындай әйелдерге жұмыс орындарында жағдай жасалуы керек. Үлкен ұйымдар мен бизнес орталықтары балаларға арналған бөлмелер жасауды, әйелдердің сәбиін емізуіне мүмкіндік жасауды қолға алса құба-құп болар еді.

Жалпы, қазақстандық әйелдерді мақтан тұтамын! Біздің әйелдер қырық шырақты. Олар қоғамдағы дискриминацияға, гендерлік теңсіздікке қарамастан ұрпақ тәрбиелеп, жұмыс істеп, ел экономикасының өсуіне зор үлес қосып жатыр.

Сұхбат алған: Айжан Қалиева, Azattyq Rýhy 14.01.2021

КІТАПТЫҢ СІЛТЕМЕСІ ОСЫНДА